Назад к списку

Алименттерді өндіріп алу жөнінде

        Көптеген өмір жағдайларына байланысты, әрбір адамда алименттерді төлеу немесе алименттерді талап ету мұқтаждығы туу мүмкін. Бұл мақалада сіз алимент деген не, кім және қашан алимент төлеу қажет, алиментті талап ету тәртібі және алимент мөлшері жөніндегі сұрақтарға жауап аласыз. 
        Алименттер — заңда белгіленген жағдайларда бір отбасы мүшелерінің оның өзге мүшелерінің пайдасына төлеуге міндетті белгілі бір ақшалай қаражат.Алименттік міндеттемелер негізгі отбасылық қатынастар болып табылады, ал олардың мақсаты — отбасының еңбекке қабілетсіз және көмек қажет ететін мүшелерін асырау. Алименттер сот шешімімен немесе тараптардың келісімімен төленеді. 
        Алименттік міндеттемелердің өзіне тән мынадай белгілері болады: бұл қайтарып берілмейтін сипаттағы міндеттеме. Алимент төлеуші өз шығынын қандай да бір орнын толтыруға құқығы жоқ; олардың қатаң жекебастық сипаты бар. Мұның мәнісі, алимент төлеуге міндетті адам ол міндетін орындауды басқа біреуге тапсыруға қақысы жоқ. Екінші жағынан, алимент алуға құқықты адам, бұл құқығын езге біреуге бере алмайды. Алимент алу құқығы және алимент төлеу міндеті мұрагерлік тәртіппен басқа адамға көшпейді, алименттік міндеттеме мүліктік-құндық болып табылады, яғни бұл арада материалдық игіліктерді алушының мүлкіне өткізу жүзеге асырылады. 
        Алименттік міндеттемелерге төмендегідей заңдық фактілер негіз болады: субъектілер арасында туыстық немесе өзге де отбасылық байланыстың болуы заңда немесе талаптардың келісімінде көрсетілген шарттардың болуы мысалы, алимент алушының мұқтаждығы, еңбекке жарамсыздығы, алимент алушылардын кәмелетке толмағандығы және басқалары; тараптардың алимент төлеу жөніндегі келісімі немесе соттың алимент өндіріп алу жөніндегі шешімі.Алименттік міндеттемелердің немесе алименттік қатынастардың мынадай түрлері болады: ата-аналардың балаларға қатысты алименттік міндеттемелері; балалардың ата-аналарға қатысты алименттік міндеттемелері; ерлі-зайыптылардың және бұрынғы жұбайлардың алименттік міндеттемелері; кәмелетке толған ағалары мен қарындастарының, әжелері мен аталарының алименттік міндеттемелері. 
         Бірақ осының ішінде ең жиі кездесетіні ол кәмелетке толмаған балалар үшін алимент төлеу, яғни балаларды күтуге арналған төлем. Кәмелетке толмаған баланы күту ол заңнамамен бекітілген ата ананың міндеті болып табылады, ата аналардың некеге ресми түрде тұру не тұрмауына қармастан не олар ажырасқан болса да, балаларды күту олардың міндеті болып саналады.Біреудің қамқорлығындағы және патронаттық тәрбиелеудегі балаларда, сонымен қоса асырап алынған балалар да алиментті алуға құқығы бар. «Неке және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің нормаларына сәйкес, алимент түріндегі балаға тиесілі сома ата-ананың не басқа да заңды өкілдердің қарауына түсіп, тек қана баланы тәрбиелеуге, білім беруге және күтуге жұмсалады. 
         Алименттер сот тәртібімен өндіріліп алынған кезде кәмелетке толмаған балаларға өндіріліп алынатын алименттер мөлшерін заң төлеуші жалақысына үлесті қатынаста айқындайды. Сонымен көмелетке толмаған бір балаға ата- анасының айлық жалакысының не өзге де табыстарының төрттен бір бөлігі, екі балаға — үштен бір бөлігі, үш және одан да көп бала үшін— тең жартысы мөлшерінде. Сот, сондай-ақ тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын немесе өзге де көңіл бөлуге тұратын жайттарды ескере отырып, бұл үлестердің мөлшерін көбейте немесе азайта алады. Ата-анасының жұмыс таба алмауы осыған жатқызылуы мүмкін. Сот мұндай жағдайда алимент мөлшерін азайтып жалақының 1/4 бөлігінің орнына 1/6 бөлігін өндіріп алуды белгілеуі мүмкін.